Бүгін Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумына 2,5 мыңнан астам делегат қатысты.
«Біз – бір командамыз! Партиялық тізіммен және бір мандатты округтен сайланған депутаттардың құзыреті де, жауапкершілігі де бірдей. Бір мандатты депутаттар халықтың сенімімен, партияның қолдауымен сайланған. Сондықтан, партия сіздерді жалғыз қалдырмайды. Бұған дейін де қолдап келгенбіз және қолдай береміз. Өйткені, әр депутаттың уәдесі – партияның да уәдесі. «AMANAT» жауапкершілікті әр депутатпен бірге бөліседі», – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, ол сайлау кезінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіру мәселесін қозғанын және бұл өтінішті Мемлекет басшысына жеткізуге уәде беріп, оның орындалғанын жеткізді.
«Кеше ғана Президент Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарының алдағы екі жылдың ішінде ашылатынын жария етті. Батыс өңірге барғанда, вахталық ауысымның уақытын реттеу туралы әңгіме болды.
Біз бұл мәселені сол жақтағы алпауыт компаниялармен бірлесіп, мұқият қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, партияның Сайлауалды бағдарламасында біз ауылға баратын жас медицина қызметкерлері үшін 10 миллион теңге көтерме ақы төлеу міндетін қойған едік. Ол да орындалу үстінде. Бұдан бөлек, халықты толғандырып отырған барлық мәселелерді партиялық жобаларымыздың аясында шешуге күш салып отырмыз» - деді Ерлан Қошанов.