Қазақстанда алимент бойынша қарыз өсіп, балалардың жағдайы алаңдатарлық деңгейге жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Борышкерлер өте көп, қарыз көлемі өсіп жатыр. Бұл жай сөз емес. Соның салдарынан көптеген балалар киім-кешекке, мектепке қажетті құралдарға, тамаққа дер кезінде қол жеткізе алмай отыр. Қазір қылмыстық жауапкершілік бар, шетелге шығуға тыйым салынады, шоттар бұғатталады, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан алимент қоры қажет деп санаймын. Мұндай қор Еуропа елдерінде де, Америкада да бар. Мемлекет арқылы балаларға қажетті көмекті уақытында беріп, кейін ол қаражатты борышкерлерден өндіріп алуға болады. Мемлекеттің мүмкіндігі әлдеқайда кең», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов сондай-ақ қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен бала құқығы мәселесіне де тоқталды.
«Біз ана не әке жағын таңдамауымыз керек, ең бастысы – баланың мүддесі. Бала екі ата-анасының да махаббаты мен тәрбиесін алуға құқылы. Өкінішке қарай, ажырасу кезінде бала осы даудың ортасында қалып қояды. Көп жағдайда әкелер баласымен кездесе алмайды, туыстарымен араласа алмайды. Бұл – ер адамның емес, ең алдымен баланың құқығының бұзылуы», – деді ол.
