Ақтауда жер асты қоқыс контейнерлерін орнату бойынша ашық тендердің күші жойылды. Оларды орнатудың негізділігін қала әкімшілігі талқылап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Lada.kz-ке сілтеп.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі түрлі нұсқаларды қарастырып жатқанын хабарлады.
"Мұндай контейнерлерді орнату мәселесі әлі де қарастырылаты. Қоқыс контейнерлерін орнату не орнатпауды алдағы уақытта шешеміз", деді департаменттегілер.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау қалалық әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталында әр данасы 4,6 миллион теңге тұратын қоқыс контейнерлерін сатып алуға арналған лот жариялағанын хабарлаған едік.
«Ақтау қалалық ТКШ бөлімі» ММ үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жер астында жинау және сақтау үшін гидравликалық жүйені сатып алу және орнату» атты лот 28 ақпанда талқылауға шығарылды. Конкурсқа қатысуға алдын ала өтінім 5-13 наурыз аралығында қабылданады.
Билік бұл жобаға қосымша құн салығын есептемегенде 891 428 570 теңге бөлуді жоспарлап отыр. Құжаттамада бір контейнердің бағасы 4 642 857 теңге деп көрсетілген. Шамамен 192 контейнер сатып алу жоспарланып отыр.
Құжатқа сәйкес контейнерлердің ішкі көлемі кемінде 1,1 текше метр (1100 литр) болуы тиіс. Өлшемдері – 3560х1800х2700 мм. Корпус типі – ыстықтай илектелген болаттан жасалған дәнекерленген құрылым. Сақтау бактары – дәнекерленген, тот баспайтын болат, – делінген техникалық сипаттамада.
- 192 контейнер орнату үшін қажет материалдарды сатып алу және әр жүйеге 3 евроконтейнерден орналастыру кіреді (жалпы саны – 576 дана), – делінген құжаттарда.
Қалалық ТКШ бөлімінің мәліметінше, контейнерлерді орнататын нақты орындар әлі белгіленбеген.