Ресейдің Алтай Республикасында мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген әйелдің қатысуымен болған жол апатынан екі қазақстандық қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алтай Республикасы мемлекеттік автоинспекциясының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні кешкі сағат 20:30 шамасында Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылы маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 31 жастағы жергілікті тұрғын Toyota Avensis көлігімен қарсы бағытқа шығып кетіп, Қазақстанның 40 жастағы азаматы басқарған Chevrolet Nexia автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Апат салдарынан Chevrolet Nexia жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, кейін көз жұмған.
Сонымен қатар түрлі дене жарақатымен Toyota көлігінің 21 жастағы жолаушысы, сондай-ақ Chevrolet автокөлігіндегі Қазақстан азаматтары – 63 жастағы екі ер адам мен 13 жастағы қыз бала ауруханаға жатқызылды.
Жол апатына себеп болған әйел жеңіл жарақат алған, оған ауруханаға жатқызу қажет болмаған.
Тексеру барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және рөлге мас күйінде отырғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.