Атырауда Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Tengrinews.kz тілшілері сот залында болып, істің алғашқы мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Отырыс барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Онда сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің қазасына алып келген жанжалдың мән-жайы баяндалған.
"Ол қандай да бір себептермен балалардың сотталушының ата-анасының үйіне жеткізіліп, іс жүзінде сол жерде тұрып жатқаны туралы мәселе көтеруге тырысқан. Өз кезегінде Сәрсемалиев Мұқанғалиев Наурызға қалада тұрып жатқан кезеңде балаларға және Мұқанғалиеваға өз бетінше қарай алмайтынын айтқаннан кейін, олардың арасында келіспеушілік басталған", – делінген айыптау актісінде.
Айыптау тарапының мәліметінше, жанжал шешілмеген. Осыдан кейін Мұқанғалиев мәселені жеке сөйлесіп шешу үшін қалаға келетінін айтқан.
2025 жылғы 14 мамырда ол Атырауға келіп, Сәрсемалиевпен байланысқа шыққан. Екеуі Бейбарыс даңғылы бойында орналасқан теміржол вокзалында кездескен. Сол жерде олар арадағы келіспеушілікті қайта талқылағанымен, ортақ шешімге келе алмаған.
"Сәрсемалиев Мұқанғалиев Наурызға ауылға түпкілікті көшпегенін, отбасының жеке заттары мен киімдері уақытша жалдамалы пәтерде тұрғанын, сондай-ақ қайтадан Атырауға көшу жоспары бар екенін түсіндірген", – деп оқыды прокурор.
Тергеу дерегінше, Сәрсемалиев қарсыласына бұл жағдайға өзі көз жеткізу үшін аталған үйге баруды ұсынған. Мұқанғалиев келісіп, екеуі бірге сол мекенжайға барған.
Үйдің ішінде ер адамдар залға кіріп, жанжалды талқылауды жалғастырған. Алайда бұл жолы да келісімге келе алмаған. Сөз таласы кейін төбелеске ұласқан.
"Жанжал барысында Сәрсемалиев өзінің Мұқанғалиев Наурыздан физикалық тұрғыдан әлсіз екенін және оған лайықты қарсылық көрсете алмайтынын түсініп, қасақана кісі өлтіру туралы шешім қабылдаған", – делінген айыптау актісінде.
Бұдан кейін, айыптау нұсқасына сәйкес, ол асүйге барып, пышақ алған. Артынша төбелес кезінде Мұқанғалиевтің іш тұсына бірнеше рет пышақ сұққан.
Алған жарақаттарынан Наурыз Мұқанғалиев оқиға орнында көз жұмған.
Іс материалдарына сәйкес, содан кейін Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. Марқұмның денесі жеке үйдің ауласына жасырылып, ықтимал айғақтарды жоюға әрекет жасалған.