Соңғы жаңалықтарға үңілетін болсақ, Павлодар облысында Toyota Alphard маркалы көліктің қатысуымен қайғылы апат нәтижесінде екі жолаушы қаза тауып, жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Айта кететін болсақ, жақын арада осы көлік маркасымен Алматы облысында да Toyota Alphard көлігі қатысқан жантүргішерлік жол апаты орын алды. Оның салдарынан да адам өлімдері тіркелген еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Павлодар облысы Полиция департаментінің ресми Instagram парақшасында хабарланғандай, алдын ала мәлімет бойынша, 2 қазан күні Павлодар – Қызылорда автожолының 17 шақырымында, Атамекен ауылының маңында Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын сақтамаған. Соның салдарынан ол жолға кенеттен шыққан жылқыны соғып, көлік кюветке аударылып кеткен.
Апат орнында екі жолаушы қаза тапты, ал жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Соңғы жылдары Қазақстанда оң рөлді көліктер, соның ішінде Toyota Alphard маркалы минивэндер жолаушылар тасымалында жиі қолданыла бастады. Алайда бұл көліктердің қатысуымен орын алатын жол- көлік оқиғаларының саны көбейіп барады. Осындай оқиғалардан кейін қоғамда оң рөлді көліктердің қауіпсіздігі жайлы көптеген пікірталастар пайда болады.
Оң рөл - оң шешім бе?
Қазақстан жолдарының инфрақұрылымы сол рөлді көліктерге бейімделген. Яғни, жол белгілері, бағдаршамдар, айналма жолдар мен солға бүрылатын жолақтар- бәрі жүргізуші сол жақта отырып оңай бақылау жасай алатындай етіп жобаланған. Ал оң рөлді көліктердің жүргізушілері қарсы бағыттағы көлікті көруде, озу немесе солға бұрылу кезінде елеулі қиындықтарға тап болады.
Мұндай көліктермен жүретін жүргізушілер үшін жолда қауіп- қатер деңгейі жоғары. Жол апаты болған жағдайда жолаушылар да, жүргізуші де үлкен қауіпке ұшырайды.Оның үстіне Toyota Alphard сияқты кең салонды, жолаушы тасымалына бейімделген көліктер көбіне такси немесе заңсыз тасымалдау қызметінде пайдаланылады, бұл да олардың жүктемесін арттырады.
Toyota Alphard- ішкі нарыққа арналған, Жапонияда шығарылған бизнес- класстағы минивэн. Жайлы әрі кең болуы оны жолаушы тасымалына ыңғайлы етеді. Алайда бұл көлік Қазақстан жолдарының талаптарына толық сай келе ме деген сұрақ туындайды.
Көп жағдайда мұндай көліктердің техникалық жағдайы тиісті деңгейде тексерілмейді, ал жүргізушілер арнайы дайындықтан өтпей, жолаушы тасымалымен айналыса береді. Бұл жол- көлік оқиғасына әкеп соқтыратын негізгі себептердің бірі.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми ақпараттық порталының мәліметіне сәйкес, елімізде жол- көлік оқиғаларының саны жылдан жылға төмендемей отыр.
Аталған ресурста жарияланған деректерге сүйенсек, есептік кезеңде республика бойынша барлығы 26 327 жол апаты тіркелген. Оның ішінде 1318 жағдай адам өлімімен аяқталған, бұл жалпы апаттардың 5,01 пайызын құрап отыр.
Қазақстан өңірлеріндегі жол апаттарының статистикасы: Алматы көш бастап тұр
ЖКО- ның ең көп тіркелген өңірі- Алматы қаласы. Мұнда осы күнге дейін 5794 жол апаты тіркеліп, бұл елдегі барлық апаттарының 22 пайызын құрап отыр. Адамдар санының тығыздығы, көлік қозғалысының қарқындылығы және жүргізушілердің жол ережесін жиі бұзуы- апаттардың жиілеуіне әсер ететін негізгі факторлар саналады.
Алдыңғы қатарлы өңірлер:
Алматыдан кейінгі орындарда:
Алматы облысы- 2632 ЖКО (10%)
Астана қаласы- 1532 ЖКО (6%)
Жамбыл облысы- 1516 ЖКО (6%)
Ақтөбе облысы – 1473 ЖКО (6%)
Атырау облысы – 1333 ЖКО (5%)
Шымкент қаласы – 1308 ЖКО (5%)
Қарапайым таксилер: жайлылық па, әлде жасырын қауіп пе?
Соңғы жылдары Қазақстанда жолаушылар тасымалында, әсіресе қалааралық бағыттарда, оң рөлді көліктер және т.б. маркалы көліктер кеңінен қолданыла бастады. Бірақ көптеген тәжірибелі жолаушылар бұл көліктерге байланысты бірқатар алаңдатарлық мәселелерді көтеріп жүр.
«Жол бойында өз өміріңе алаңдайсың» - жолаушының пікірі.
Павлодар- Алматы бағыты бойыншы жиі жүретін тұрғын Нұржан Әлиев (аты-жөні өзгертілген) қалааралық такси туралы өз ойын ашық білдірді:
«Басында Alphard көлігіне отырып, жайлылық болады деп ойладық. Бірақ жолға шыққанда мүлде басқа көрініске тап боласың. Көлік жүргізушілері көп жағдайда жылдамдықты асырып, жол ережесіне мән бермейді. Ең сорақысы- бұл көліктердің көбісі оң рөлді, ал жолдарымыз сол рөлге арналған. Озу, бұрылу сәттерінде өз өмірің үшін қорқып отырасың»,- дейді ол.
Оның айтуынша, кейбір жүргізушілер тұрақты демалыссыз,тәуліктеп жолда жүріп, шаршаңқы күйде көлік басқарады.Бұл - апатқа алып келетін негізгі себептердің бірі.
Статистика- құрғақ сандар ғана емес, олардың артында адам өмірі мен тағдыры тұр. Әрбір жол апаты- тек көлік қақтығысы емес, кейде орны толмас қайғы мен ауыр салдардың себебі. Сондықтан, әр жүргізуші мен жаяу жүргінші жол ережелерін сақтау арқылы қоғамның қауіпсіздігіне үлес қосатынын түсінуі керек.