Осындай дүрмектің ішінде Қазақстан шалынбай, шалдықпай келе жатқаны қуантады. Ел үшін маңызды іс-шаралар, басқосулар өтіп жатыр. Оған әлемге ықпалды тұлғалар келіп, өз ойын ортаға салып жүр.
Адамзат кейде құндылықтарын ұмытып кететін кезеңде рухани тұлға Рим Папасының елімізге келіп, дүниежүзіне ортақ мәселелерді талқыға салғаны – мемлекетіміздің жаһанда өз абыройлы орны бар екенін аңғартады.
Ол сөзінде Қазақстан бейбітшілікті ту еткен, талай этностың басын құрап, ынтымақта ұстап отырғанын айтты. Ұлттық құндылықтарымызды жоғары бағалады. Осы арқылы мемлекетіміз жақсы қырынан көпке танылды.
Жақында елімізге 13 мемлекеттің басшылары келгенінен де хабардармыз. Бірнеше күн бойы ортақ мәселелерді талқылап, күрделі кезеңнен шығудың жолын бірлесе талқылады. Бейбіт күнді бағалаған халқымыз көпке үлгі болуда.
Бұл тұста Мемлекетті басқарып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық әрекеттерін елеусіз қалдыруға болмайды. Өзге елдердің қателігінен сабақ алып, халықтың тұтастығын сақтауға барынша күш салуда.
Елдің тұтастығын сақтау маңызды іс. Көріп отырмыз, алдымызда бірталай маңызды дүниелер тұр. Президент сайлауы келе жатыр. Осындай сәтте әрбір арандатуды мақсат еткен сөзге ермей, ел болып, жұрт болып жұмылғанымыз абзал. Мұны ақылға салып, тереңінен ұғына білгеніміз дұрыс деп ойлаймын.