Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан 13 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде бір әйел қаза тапты. Оқиға орнынан 148 адам, оның ішінде тоғыз бала құтқарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
23 тамыз күні сағат 22:49-да «101» пультіне Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері бес минут ішінде оқиға орнына жеткен.
Құтқарушылар келген кезде екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарындағы кабельдер, сондай-ақ бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандары жанып жатқанын анықтаған.
Жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілген.
Құтқарушылар арнайы тыныс алу аппараттары мен құтқару қалпақтарын пайдаланып, баспалдақ арқылы ғимараттан 148 адамды, оның ішінде тоғыз баланы шығарған. Төрт адам ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккендердің бірі ғимарат ішінен ес-түссіз күйде табылған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің шамамен 90 қызметкері мен 25 арнайы техникасы жұмылдырылды.
ТЖД мәліметінше, өрттің өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болуы мүмкін. Тұрғындардың алдын ала мәліметі бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда осы аралықта өртке қарсы қызметке тиісті хабарлама түспеген.
Бұған дейін өрт-техникалық тексеру барысында анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарын жою жөнінде жауапты тұлғаларға нұсқама берілген.
Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.