Алматыдағы №542 сайлау учаскесінде орналасқан №187 мектепте Құрылтай сайлауы ерекше рухта өтіп жатыр. Дауыс беруге келген тұрғындарды қазақтың қасиетті қара домбырасынан төгілген күймен қарсы алып, сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сайлау барысында домбыраның қоңыр үні әуелеп, учаскеге жиналғандардың назарын аударды. Күйдің күмбірлеген үні дауыс беру сәтіне айрықша реңк беріп, маңызды саяси науқанды ұлттық өнермен сабақтастыра түсті.
Тұрғындар күй тыңдап, көтеріңкі көңіл күймен таңдау жасап жатыр. Әуезді әуен сайлау учаскесіндегі қалыпты жұмыс барысын бұзбай, керісінше, таңғы уақытты ерекше әсерге бөледі.