Алматыдағы «Қалқаман» метро стансасының құрылысына шамамен 50 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы BCN Group компаниясы филиалының бас инженері Алмас Бимендин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспар бойынша «Қалқаман» метро стансасы 1 желтоқсанда жолаушылар үшін есігін ашады.
Станса пайдалануға берілгеннен кейін Алматы әкімдігі метро желісін қаланың батыс бағытына қарай ұзартуды жоспарлап отыр. Жоба аясында тағы үш жаңа станса салынбақ.
Алдын ала есеп бойынша, жаңа стансалардың құрылысына шамамен 240 млрд теңге қажет болады.
Жаңа желінің соңғы нүктесі «Алтын Орда» базары маңындағы «Барлық» стансасы болады. Бұл жерде жолаушылардың қоғамдық көліктің әртүрлі түрлері арасында ыңғайлы ауысуына мүмкіндік беретін ірі көлік-логистикалық торап салу көзделген.