Алматы қаласының Алатау ауданындағы Дарабоз шағынауданында орналасқан 12 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «112» қызметіне көпқабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Ведомствоның хабарлауынша, өрт 11-қабаттағы пәтерлердің бірінің ас үйінде тұтанған.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жетіп, барлау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды құтқару мен эвакуациялауға кіріскен.
«Баспалдақ арқылы құтқару қалпақтарын пайдаланып, 10 адам, оның ішінде төрт бала құтқарылды. Сондай-ақ шамамен 100 адам эвакуацияланды», – деп хабарлады ТЖМ.
Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.