Алматыда заңсыз онлайн-казинолардың төлем жүйесін ұйымдастырған топ ұсталды

Алматыда заңсыз онлайн-казинолардың төлем жүйесін ұйымдастырған топ ұсталды
pixabay.com

Алматыда заңсыз онлайн-казинолардың төлем жүйесін ұйымдастырған топтың жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» онлайн-казиноларына ойыншылардан төлем қабылдау және ақша аударымдарын өңдеу үшін «Rocket.do» платформасын пайдаланған.

Тергеу барысында топ мүшелерінің бірі шетел азаматы болғаны анықталған. Ол банк шоттарын уақытша пайдалануға беруге дайын адамдарды іздеп, әрқайсысына 200 долларға дейін ұсынған. Кейін Қазақстанға келген «дропперлерді» Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдеткен және банктерде шот ашқызған.

Күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына, сондай-ақ өзінің шотына қол жеткізген. Осы 16 шотқа онлайн-казино ойыншыларынан түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асқан.

Қазіргі таңда күдіктілердің бірі ұсталып, тағы үшеуіне қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.