Алматыда үш жасар бала 59 магнит жұтып қойған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалада жыл басынан бері магнит жұтып қойған 15 бала ауруханаға түскен. Бір ғана кезекшілік кезінде үш балаға шұғыл ота жасауға тура келген.
"Алғашқы науқас - 2 жасар бала. Ол ауруханаға іші ауырсынуына байланысты жеткізілген. Тексеріс барысында дәрігерлер оның ағзасынан бөгде заттарды анықтады. Шұғыл жасалған ота кезінде хирургтер баланың ағзасынан 25 магнит алды", - деді дәрігерлер.
Арада бірнеше сағат өткенде қабылдау бөліміне 2,5 жасар тағы бір бала жеткізілген. Ол құсу мен іші ауырсынуына шағымданған. Тексерістен кейін дәрігерлер оған да шұғыл ота жасап, ағзасынан 9 магнит алған. Отадан кейін бала 10 күн стационарда ем қабылдаған.
"Үшінші бала кезекшілік аяқталар кезде түсті. Жасы 4-ке де толмаған. Іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалды. Тексеріс барысында асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнит алып шыққан кезде мұндай жағдай дәрігерлердің өзін таңғалдырды. Қауіпті заттар аш ішек қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды", - деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков