Алматыда түн ішінде көпқабатты үйден 127 адам құтқарылды

Алматыда түн ішінде көпқабатты үйден 127 адам құтқарылды
ТЖМ

Алматыда ТЖМ қызметкерлері түтін басқан үйден 127 адамды құтқарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бостандық ауданы Абай даңғылы бойындағы 16 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатында орналасқан пәтерде жиһаз жанған. Құтқарушылар оқиға орнына шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша жіберілген.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде кіреберісті қою түтін басқаны анықталған. ТЖМ қызметкерлері тұрғындарды дереу эвакуациялауға кіріскен.

"Оқиға орнында жедел өрт сөндіру штабы құрылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары тұрғындарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жіберілді. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде түтін басқан жерден баспалдақ арқылы 42 адам эвакуацияланды, сонымен қатар, құтқару қалпақтарының көмегімен 85 адам, соның ішінде 4 бала құтқарылды", - деп жазылған хабарламада.

Өрт жедел сөндірілген. Зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.