Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Алматыда өнер және спорт қайраткерлері мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс берді

Алматыда өнер және спорт қайраткерлері мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс берді

Бүгін Алматы қаласында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына өнер, мәдениет және спорт саласының белгілі өкілдері қатысып, өз таңдауларын жасады. Олардың қатарында суретші Талғат Тілеужанов, ақын Әділғазы Қайырбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев, профессор Бауыржан Жақып және Азия ойындарының жүлдегері Бэлла Самашева бар, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстандық кескіндемеші, монументалист суретші, Қазақстан және Нью-Йорк Суретшілер одақтарының мүшесі Талғат Тілеужанов Алматыдағы №124 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол әр азаматтың қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел дамуына қатысты мәселелерге үн қосуы маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі дауысымыз – еліміздің ертеңіне деген жауапкершілігіміздің көрінісі. Сондықтан мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, өз азаматтық ұстанымымды білдіруді жөн көрдім», – деді өнер қайраткері.

Ал ақын, ғалым, Қазақстанның құрметті жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков №624 сайлау учаскесінде дауыс берді. Оның айтуынша, әрбір азаматтың таңдауы ел болашағы үшін маңызды.

«Бүгін дауыс беру арқылы еліміздің болашағына қатысты таңдау жасадым. Қазақстанның өркендегенін, балаларымыздың бақуатты елде өмір сүргенін қалаймыз. Сондықтан әрбір азаматтың таңдауы маңызды деп санаймын», – деді ақын.

Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев те сайлауға қатысты. Ол мәслихат депутаттарының тұрғындар мүддесін қорғап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдаудағы рөліне тоқталды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып №267 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сайлау жергілікті мәселелерді шешуге, қаланың дамуына және тұрғындардың мүддесін білдіруге мүмкіндік беретін маңызды үдеріс екенін айтты.

Алматы атынан өнер көрсететін қазақстандық каратист, Азия ойындарының қола жүлдегері Бэлла Самашева да таңертең №115 мектепте орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Спортшының айтуынша, сайлауға қатысу – өзі тұрып, жаттығатын қаланың болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдіру мүмкіндігі.

Еске салайық, Алматы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауына 168 кандидат тіркелген. Оның 109-ы партиялық тізім бойынша, 59-ы бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған.

Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 41-інде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.