Алматы көшелерінде жасыл түсті жаңа таксилер пайда болды. Бұл - Қазақстан нарығына ресми кірген Green SM сервисінің алғашқы электромобильдері. Вьетнамдық компания толық электрлі автопаркке негізделген жобасын Алматыдан бастап, кейін оны еліміздің өзге өңірлеріне де кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, сервис экологиялық жағдайға, қызмет сапасын арттыруға және қалалық мобильділікті жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Салтанатты рәсімге Вьетнамның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нгуен Тхань Ле, Green SM компаниясының жаһандық бас директоры Нгуен Куок Туан, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев, мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастық пен компания серіктестері қатысты.
Қазақстан нарығы не себепті таңдалды?
Green SM компаниясының жаһандық бас директоры Нгуен Куок Туан Қазақстан компанияның халықаралық даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, Қазақстанға келу жаңа нарыққа шығудан әлдеқайда маңызды.
“Бүгін біз тек қызметімізді іске қосып отырған жоқпыз. Біз Қазақстанмен және оның халқымен ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатудың жаңа кезеңін бастап отырмыз. Мұндай қарым-қатынас сенімге, өзара құрметке және ұзақ мерзімді міндеттемелерге негізделуі керек”, – деді ол.
Нгуен Куок Туан кейінгі айларда көптеген жергілікті серіктестермен және қоғам өкілдерімен кездескенін айтып, Қазақстанның қарқынды дамуы мен тұрғындардың болашаққа деген сенімі ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.
Оның пікірінше, Қазақстандағы урбанизация қарқыны мен сервистерге қойылатын талаптың артуы жаңа технологиялық шешімдерге сұранысты күшейтіп отыр.
“Біз Қазақстанға тағы бір такси қосымшасын іске қосу үшін келген жоқпыз. Біз адамдар күн сайын сенім арта алатын сервис қалыптастырғымыз келеді. Тұрақты даму қоғам үшін нақты пайда әкелген кезде ғана мәнге ие болады”, – деді компания басшысы.
Вьетнам мен Қазақстан арасындағы жаңа көпір
Вьетнамның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нгуен Тхань Ле Green SM жобасын екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты нәтижелерінің бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары Вьетнам мен Қазақстан арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталған.
“Бұл тек жаңа сервистің іске қосылуы емес. Бұл – Вьетнам мен Қазақстан арасындағы достықтың, өзара сенімнің және ортақ даму жолындағы ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Мұндай жобалар екі ел арасындағы экономикалық және технологиялық байланысты нығайтады”, – деді елші.
Нгуен Тхань Ле қазақ мәдениетіндегі тұлпар бейнесіне тоқталып, жаңа электрлі көліктерді “заманауи қаланың жасыл тұлпары” деп сипаттады.
“Қазақ мәдениетінде тұлпар күштің, төзімділіктің және еркіндіктің символы саналады. Бүгінгі электромобильдер де адамға қызмет ететін, сенімді әрі қоршаған ортаға зияны аз көлік құралына айналып отыр”, – деді дипломат.
Алматыға 100 миллион доллардан астам инвестиция салынбақ
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев жобаның қала үшін маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, толық электрлі автопарк Алматының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бастамалардың бірі болмақ.
“Бұл – жай ғана жаңа такси қызметі емес. Бұл экологиялық жауапкершілікке, инновацияға және тұрақты дамуға негізделген заманауи қалалық мобильділікті қалыптастыруға қосылған үлес”, – деді ол.
Берікбол Мәндібаев компанияның алғашқы жылдың өзінде Алматыға 100 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отырғанын айтты.
“Бұл халықаралық инвесторлардың Алматының инвестициялық ахуалына және экономикалық әлеуетіне деген сенімін көрсетеді. Жоба экологиялық көлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді”, – деді басқарма басшысы.

Green SM қандай қызмет ұсынады?
Green SM Kazakhstan компаниясының бас директоры Артур Шаймұхамбетовтің айтуынша, компанияның басты мақсаты нарықтағы үлес үшін күресу емес, сапалы қызмет көрсету.
“Біз нарықты жаулап алу үшін емес, жолаушыларға қосымша таңдау ұсыну үшін келдік. Толық электрлі автопарк арқылы қауіпсіз, жайлы және экологиялық таза қызмет көрсетуді көздейміз”, – деді ол.
Компания алғашқы кезеңде Алматыда VF 6 Eco үлгісіндегі толық электрлі кроссоверлерден тұратын автопаркпен жұмыс істейді. Бұл модельдер күнделікті қалалық қозғалысқа бейімделген. Компания өкілдерінің мәліметінше, көліктердің тыныш жүрісі, кең салоны және заманауи қауіпсіздік жүйелері жолаушыларға жайлы әрі қолайлы сапар ұсынуға мүмкіндік береді.
Шаймұхамбетовтің сөзінше, сервистің дамуы сұранысқа қарай жүзеге асады.
“Желідегі көліктер саны көбейген сайын жолаушыға жету уақыты қысқара береді. Сонымен бірге қызмет көрсету аумағын кеңейтеміз. Біздің мақсатымыз – сервисті мүмкіндігінше көп адамның пайдалануына жағдай жасау”, – деді ол.
Қазіргі таңда жолаушылар қосымшасында Google Maps пайдаланылады. Ал жүргізушілерге арналған қосымшада 2GIS карталарын енгізу басталған.
"Екі платформаны да толықтай 2GIS жүйесіне көшіру үшін техникалық интеграция жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді компания басшысы.

Жүргізушілер арнайы дайындықтан өтеді
Компания жүргізушілерді іріктеуге ерекше талап қояды. Green SM платформасында жұмыс істеу үшін жүргізушінің кемінде үш жылдық тәжірибесі болуы қажет.
Бұдан бөлек, олар теориялық және практикалық дайындықтан өтіп, арнайы емтихан тапсырады.
“Біз бірыңғай сапа стандарттарын қалыптастыруға басымдық береміз. Әр жүргізуші қауіпсіздік, қызмет көрсету мәдениеті және клиентпен жұмыс істеу бойынша арнайы оқытылады”, – деді Артур Шаймұхамбетов.
Компания мұндай мамандарды Green Drivers деп атайды. Арнайы оқыту бағдарламалары операциялық стандарттар, қауіпсіздік талаптары және клиенттік сервис бағыттарын қамтиды.
Зарядтау инфрақұрылымы мен серіктестік жобалар
Green SM Алматыда өз хабтары мен зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ниетті.
Компания әрбір көліктің желіге шығар алдында міндетті техникалық тексеруден өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар жеке зарядтау станцияларын орнатып, қаладағы электрлі көлік инфрақұрылымының дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.
Іске қосылу рәсімі аясында Green SM көлік, туризм, технология және қызмет көрсету салаларындағы бес стратегиялық серіктеспен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісімдер Green Alliance Frontier бастамасы аясында жүзеге асырылды.
Компанияның мәліметінше, аталған платформа тұрақты даму қағидаттарын қолдайтын ұйымдарды біріктіріп, түрлі елдердегі жергілікті қауымдастықтарға оң әсер ететін жобаларды дамытуға бағытталған.
Жолаушыларға алғашқы жеңілдік ұсынылады
Компания іске қосылу құрметіне арнайы науқан жариялады. Green SM мобильді қосымшасы арқылы рәсімделген сапарларға 26 пайыз жеңілдік қарастырылған. Жеңілдік көлемі 2626 теңгеге дейін жетеді.
Қазіргі таңда Green SM қосымшасы Қазақстандағы пайдаланушылар үшін App Store және Google Play платформаларында қолжетімді.
Компания өкілдерінің айтуынша, Алматыдағы жобаның нәтижесіне қарай сервис алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлеріне де кезең-кезеңімен кеңейтілуі мүмкін.