Алматыдағы ALT University оқу орнында өткен диплом табыстау рәсімі екі түлек үшін ерекше есте қалды. Олар диплом алған күні-ақ Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалына жұмысқа қабылданды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Салтанатты шараға Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов қатысып, жол-көлік саласының жас мамандарына дипломдарын табыстады.
Түлектерді құттықтаған филиал директоры олардың алдағы еңбек жолына сәттілік тілеп, еліміздің жол инфрақұрылымын дамытуда білікті кадрлардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Бүгін сіздер үшін жаңа кезең басталып отыр. Жол саласы – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін маңызды бағыт. Еліміздің игілігі үшін адал еңбек етіп, алған білімдеріңізді іс жүзінде дәлелдейсіздер деп сенемін. Баршаңызға табысты мансап пен толағай жетістіктер тілеймін», – деді Мәулен Әліпов.
Іс-шараның ең жағымды сәттерінің бірі – ALT University-дің екі түлегінің диплом алған күні-ақ Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалына жұмысқа қабылдануы болды. Бұл – оқу орнында алған білімнің еңбек нарығында сұранысқа ие екенінің және жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындары арасындағы байланыстың нақты нәтижесі.
ALT University бүгінде Қазақстанның жол-көлік саласына инженерлер мен техникалық мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университет түлектері еліміздің жол құрылысы, жобалау, жол сапасын бақылау және көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарында еңбек етіп келеді.
Мамандардың пікірінше, өндіріс пен білім беру ұйымдарының осындай әріптестігі жас мамандардың жұмысқа тез бейімделуіне, ал саланың білікті кадрлармен толықтырылуына мүмкіндік береді.