Алматыда Даулеткерей көшесі екі күнге жабылады

Алматыда Даулеткерей көшесі екі күнге жабылады
pixabay.com

Алматының Наурызбай ауданында Даулеткерей көшесінің бір бөлігі екі тәулікке жартылай жабылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әкімдік мәліметінше, 30 мамыр күні сағат 06:00-ден 1 маусым сағат 06:00-ге дейін Даулеткерей көшесінде Жандосов көшесінен Әбділдин көшесіне дейін көлік қозғалысына ішінара шектеу қойылады.

Шектеу жолдың жоғарғы асфальт-бетон қабатын төсеу жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр.

Аталған жұмыстар Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысы бойынша салынып жатқан Батыс кәріз коллекторы жобасы аясында жүргізілуде.

Жоба бойынша Жандосов көшесінен қалалық тазарту құрылыстарына дейін жалпы ұзындығы 35 шақырым болатын кәріз коллекторы салынады.

Мамандардың айтуынша, жоба іске асқаннан кейін шамамен 200 мың тұрғын орталықтандырылған су бұру жүйесімен қамтылып, инженерлік желілердің сенімділігі артады әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарады.

Қала тұрғындары мен қонақтарына қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылды.