Freedom Inside '26

Алматыда Баум тоғайында ағаш құлаған 19 жастағы қыз комаға түсті

Алматыда Баум тоғайында ағаш құлаған 19 жастағы қыз комаға түсті
inst: yasmin_abitovaa

Алматыда Баум тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алды. Қазір ол комада жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz 24.kz-ке сілтеп. 

Оқиға 27 маусымда сағат 15:00 шамасында болған. Туыстарының айтуынша, қыз отбасымен бірге серуендеп жүрген кезде үстіне үлкен қураған ағаш құлаған. Олардың сөзінше, сол сәтте қатты жел де, жаңбыр да болмаған.

Жақындарының мәліметінше, қыз алтыншы күн қатарынан комада жатыр. Оған бас сүйегінің ауыр жарақаты, сан сүйегі сынуы, аяқ сынығы және басқа да көптеген жарақат диагнозы қойылған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ауыр бас-ми жарақатына байланысты ми ісінуі қаупі жоғары екені айтылған.

Туыстары Баум тоғайында әлі де қураған әрі қауіпті ағаштар көп екенін айтып, құзырлы органдарды оларды тексеріп, кесуге шақырды.

Алматы әкімдігі бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Сондай-ақ, тоғай аумағында ағаш құлау қаупі бар екенін ескертетін арнайы белгілер орнатылғанын мәлімдеді.

Әкімдік мәліметінше, Баум тоғайы 1877 жылы құрылған. Ағаштардың 70 пайыздан астамы табиғи қартаю кезеңіне жеткендіктен, сырттай сау көрінетін ағаштардың өзі құлауы мүмкін.