Алматының Бостандық ауданында автобус пен жаяу жүргіншінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға бүгін түске қарай Мұстафин көшесінде болған. Полицияның мәліметінше, автобус оңтүстік бағытта қозғалып келе жатқан. Сол сәтте 1996 жылы туған қыз жолды шығыс бағытта кесіп өтпек болған.
Салдарынан автобус жаяу жүргіншіні қағып, қыз алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Құқық қорғау органдары автобустың жеке тасымалдаушы компанияға тиесілі екенін хабарлады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.