Алматыда Ақорданы басып алуға әрекет жасады деп айыпталған бес белсендіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровке жиынтық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 5 жыл 6 айдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал Асқар Нұрмаған, Тағай Әбдуәли және Дүйсенбек Жақашевтың әрқайсысы 5 жылға сотталды. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
Сот процесі жабық режимде өтті. Іс бойынша сот отырыстарын жабық өткізу туралы өтінішті прокурор берген. Бұған куәгерлердің бірінің қауіпсіздігіне алаңдауы себеп ретінде көрсетілген.
Айыптау актісіне сәйкес, сотталушылар алдағы әрекеттерін жоспарлап, дайындық жұмыстарын жүргізу үшін жасырын кездесулер өткізген. Сонымен қатар олар WhatsApp мессенджерінде «Қайрат Команда» атты ортақ чат құрған.
Тергеу нұсқасы бойынша, кездесулер мен байланыстар барысында топ мүшелері Астана аумағында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алуға, сондай-ақ Қазақстан Президентінің резиденциясы – Ақорданы басып алуға және халықты стихиялық түрде көтеруге дайындалған. Бұл әрекеттер 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жасалды деп көрсетілген.
Асқар Нұрмаған, Әбдуәли Тағай және Дүйсенбек Жақашевқа адамдар тобының билікті күшпен басып алуын немесе ұстап тұруын насихаттау, сондай-ақ зорлық-зомбылықпен, қиратумен және билік өкілдеріне қарсылық көрсетумен қатар жүретін жаппай тәртіпсіздіктерді дайындау және ұйымдастыру бойынша айып тағылған.
Ал Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровке аталған айыптардан бөлек, адамдар тобының құрамында жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау бойынша да айып тағылған.
Бұған дейін, 4 қыркүйекте, мемлекеттік айыптаушы бес сотталушының әрқайсысына 8 жылдан бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сотталушылар тағылған айыптарды мойындамағаны туралы бұған дейін хабарланған. Қорғау тарапы олардың жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қажетті қаржысы мен құрылымы болмағанын айтқан.
Соттың бүгінгі үкімімен прокурор сұраған жаза мерзімі толық көлемде тағайындалған жоқ.