Алматыда каршеринг қызметіне тиесілі 9 мыңнан астам электросамокат айып тұрағына қойылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция өкілдерінің айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану тәртібіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілген. Ал 25 тамыздан бері кикшеринг компанияларына қойылатын талаптар одан әрі күшейтілді. Енді компаниялар пайдаланушыларды сәйкестендіру, сақтандыру рәсімдерін жүргізу, тұраққа қою тәртібін бақылау және көлік құралын басқаруға рұқсат беру талаптарын қатаң сақтауы тиіс.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, кикшеринг компаниялары ең алдымен қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруға міндетті.
«Кикшеринг компаниялары орындауға тиіс нақты талаптар бар. Ең бастысы – қауіпсіз инфрақұрылым құру. Қаладағы жол-көлік жағдайына және апат деңгейіне әсер ететін түрлі заңбұзушылықтар анықталып жатыр», – деді ол.
Қазіргі уақытта Алматыдағы айып тұрағында әртүрлі кикшеринг компанияларына тиесілі 9 мыңнан астам электросамокат сақтаулы тұр.
Салтанат Әзірбек қауіпсіз инфрақұрылымға қойылатын негізгі талаптарды да атап өтті. Оның сөзінше, әрбір электросамокат техникалық тұрғыдан жарамды болуы және тіркеу нөмірімен белгіленуі қажет. Сонымен қатар көлік құралын тек кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады.
«Кикшеринг компаниялары кәмелетке толмағандардың электросамокаттарды пайдалануына жол бермеуі керек», – деді полиция өкілі.