Алматы қаласының тергеу соты Ресей тарапы экстрадициялауды талап етіп отырған ресейлік белсенді Юлия Емельянованы 2027 жылғы 28 ақпанға дейін қамауда ұстау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ресейдегі Соғысқа қарсы комитет құрған «Ковчег» құқық қорғау жобасы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Юлия Емельянова – марқұм оппозиционер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штабының бұрынғы еріктісі. Ол 2025 жылғы 31 тамызда Грузиядан Вьетнамға бет алған сапары кезінде Алматы әуежайында ұсталған болатын.
Бұған дейін Қазақстан соттары белсендінің саяси баспана беру жөніндегі өтінішін қанағаттандырмай, оны Ресейге экстрадициялау туралы шешімді қолдаған.
Алайда қорғаушылар бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Соған байланысты соттың түпкілікті шешімі шыққанға дейін Емельянованы экстрадициялау рәсімі уақытша тоқтатылған.