Алматы-Қорғас тасжолындағы жантүршігерлік жол апаты: үш адамның өліміне себеп болған полиция майорына сот үкімі шықты

Алматы-Қорғас тасжолындағы жантүршігерлік жол апаты: үш адамның өліміне себеп болған полиция майорына сот үкімі шықты
Фото: ПД

Алматы – Қорғас тас жолында мас күйінде көлік жүргізіп, үш адамның өліміне себеп болған полиция майоры Абылай Жарылқасынұлына сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

"Абылай Жарылқасынұлы көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын", – деді судья үкімді жариялау кезінде.

Еске салайық, қайғылы жол апаты 23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған. Тергеу дерегінше, Haval көлігін басқарған полиция қызметкері қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан.

Қатты соққы салдарынан Audi жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал Haval көлігінде Абылай Жарылқасынұлымен бірге Айдар Рүстембеков есімді жолаушы болған.

Сараптама қорытындысы полиция қызметкерінің қанынан 3,3 промилле этил спирті табылғанын көрсеткен. Бұл оның жол апаты болған кезде ауыр дәрежеде мас болғанын білдіреді.

Абылай Жарылқасынұлы ішкі істер органдарында 15 жылдан астам уақыт қызмет еткен және полиция майоры шенін иеленген. Енді ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.