Алматы - Қорғас тасжолында жүк көлігі бақылау аркасын зақымдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы мәліметінше, 31 тамызда Алматы - Қорғас ақылы тасжолының 120-шақырымында, "Шелек" бақылау аркасы маңында Shacman жүк көлігі жол апатына ұшыраған.
Алдын ала мәлімет бойынша жүк көлігі шанағы көтерілген күйде жүре берген. Бақылау аркасынан өту кезінде көліктің көтерілген шанағы арка конструкциясына соғылып, салдарынан қозғалыс бағыттарының біріндегі бақылау аркасының бөлігі зақымданған.
"Жол қызметтері оқиға орнына жедел жетіп, учаскедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етті және көлік қозғалысын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдады. Қазір қозғалыс толық қалпына келтіріліп, қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ", - деді "ҚазАвтоЖол" өкілдері.