Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі ауқымды жаңартудан өтуде. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің жедел медициналық жәрдем станциясына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталады. Қазіргі уақытта автокөліктердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» класындағы санитариялық автокөлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген.
Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық автокөліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылса, қалған 70 көлік жақын күндері қызметке кіріседі.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елді мекендерге дер кезінде жетуге, шақыртуларға жедел әрекет етуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл — тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс», — деді Ержан Сүлейменов.
Жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңартуға бизнес өкілдері де қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында «Mareven Food» ЖШС жедел медициналық жәрдем қызметіне гуманитарлық көмек ретінде «В» класындағы 10 Foton маркалы санитариялық автокөлікті табыстаған болатын.
Қазіргі таңда Алматы облысында жедел медициналық көмекті 1 станция, 12 қосалқы станция, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокациялық пункт және 1 санитариялық авиация бөлімшесі көрсетеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар.