Алматы облысының Кеген ауданында ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды нысандар іске қосылды. 19 тамызда Талды және Жайдақбұлақ ауылдарында жаңа медициналық пункттер ашылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, мекеме және ұйым басшылары, ауыл ақсақалдары мен ардагерлер, аналар кеңесінің өкілдері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары қатысты.
Заманауи талаптарға сай салынған медициналық пункттерде ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын қорғау және қажетті жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бар.
Жаңа нысандардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, бұған дейін қажетті көмек алу үшін алыс елді мекендерге қатынаған тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ауыл тұрғындарын жаңа медициналық пункттердің пайдалануға берілуімен құттықтап, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты шараларда медициналық пункттердің лентасы қиылып, ақжолтай тілектер айтылды. Жиындар аудандық көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Талды мен Жайдақбұлақ ауылдарындағы жаңа медициналық пункттердің іске қосылуы – ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, медициналық көмекті халыққа барынша жақындатуға бағытталған маңызды қадам.