Алматы облысының Көкқайнар ауылында 11-сынып оқушысы қайтыс болды. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға дейін оған мектеп мұғалімі тарапынан психологиялық қысым жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Криминальный Казахстан телеграм арнасының мәліметінше, оқиға 23 сәуірде болған. Қыз "Менің мектебім" гимназиясында білім алған. Туыстарының сөзінше, ол осы білім ордасында жұмыс істейтін мұғалімнің 19 жастағы ұлымен кездесіп жүрген. Алайда педагог олардың қарым-қатынасына қарсы болып, қыздың ұлтына қатысты кемсітетін сөз айтқан.
"Ол мұғалімнің ұлымен кездесіп жүрген. Бірақ анасы олардың қарым-қатынасына қарсы болып, "маған ұйғыр келіннің қажеті жоқ" деген", - дейді марқұмның туыстары.
Жақындарының мәлімдеуінше, әлеуметтік желіде бірнеше жасөспірімнің электронды темекі шегіп отырған видеосы тарағаннан кейін оқушыны ата-анасын мектепке шақыртумен және сотқа жүгінумен қорқытқан.
Туыстары қыздың мәселені шешу үшін мұғаліммен сөйлесуге барғанын айтады. Алайда педагог одан ұлымен бұдан былай араласпайтыны туралы қолхат жазуды талап еткен деген болжам бар.
"Қызымыз мұғаліммен сөйлесіп, жағдайды түсіндіргісі келген. Бірақ одан ұлымен қарым-қатынасын тоқтататыны туралы қолхат жазуды талап еткен. Оған психологиялық қысым жасалды деп есептейміз", - дейді отбасы мүшелері.
Қайтыс болар алдында оқушы ата-анасына қысқа жазба қалдырған.
"Анашым, әкешім, сіздерді жақсы көремін. Менде басқа амал болмады", - делінген жазбада.
Қайғылы жағдайдан бері төрт ай өтсе де, марқұмның отбасы оқиғаның мән-жайына қатысты сауалдарына әлі нақты жауап алмағанын мәлімдеді. Туыстары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.
"Төрт ай өтті, бірақ әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Біз болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып, кінәлілер заң алдында жауап бергенін қалаймыз", - дейді жақындары.
Ал гимназия әкімшілігі тергеуге көмектесіп жатқанын және құқық қорғау органдарына қажетті құжаттардың барлығын ұсынғанын хабарлады.
"Мектеп құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп, сұратылған құжаттардың барлығын тапсырды. Тергеу аяқталғанға дейін қосымша түсініктеме бермейміз", - делінген білім ордасының хабарламасында.