Алматының Түрксіб ауданына жаңа әкім тағайындалды

Сағыныш Сардарова 02 ақп. 2026 11:51

Алматының Түрксіб ауданына әкім тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласы мәслихатының сессиясында кадрлық мәселе қаралды. Президент әкімшілігінің келісімімен Алматы әкімі Түрксіб ауданының әкімі қызметіне Дамир Әкежановтың кандидатурасын ұсынды.

Кандидатты таныстырған Дархан Сатыбалды оның кәсіби тәжірибесіне және қаланың тыныс-тіршілігін жақсы білетініне тоқталды.
"Дамир Әкежановтың мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибесі мол, қаланың өзекті түйткілдерін жақсы біледі және мен жүктеген міндетті орындауға қажет кәсіби даярлығы бар", – деді қала басшысы.
Талқылау қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары бұл кандидатураны қолдады.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Дамир Әкежанов Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарған. Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 16 жылдан асады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove