Алматылық шенеуніктер самокатты көрінген жерге тастайтындарға қарсы айла тапты,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
"КТК" телеарнасы мәліметінше, Алматыда самокат қоятын арнайы 10 орын белгіленген. Техниканы көрінген жерге тастап кететіндермен шенеуніктер осылай күреспек. Тек арнайы тұрақтардың нақты қашан іске қосылатыны белгісіз.
Егер жалға беретін компаниялар самокатты жақын арада бейімдеп үлгермесе, тұрақтар көктемде іске қосылуы мүмкін. Себебі жол белгілері бояу арқылы сызылады.
"Қазір электрсамокат нарығы, кикшеринг компаниялардың жұмысы реттелмеген. Нақты нормалар мен ережелер жазылған бір де бір заң жоқ. Дегенмен кикшеринг компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Алматыда саябақтар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын жаптық. Ол жерде электрсамокаттар жүрмейді. Арнайы тұраққа деп 10 орын таңдалды", - дейді Алматы мобильді басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин.