Алматылық кәсіпкерлер бизнесті қолдауға бағытталған жобалардың игілігін көруде

Dalanews 29 қар. 2022 15:15 854

Бизнесті қолдау Жаңа Қазақстандағы басым бағыттардың бірі. Бұл ретте «Даму» қоры аймақтық кәсіп­орындардың қыз­метін жандандыруға маңыз беріп келе­ді.

Өз кезегінде алматылық кәсіпкерлер биыл жылдың 10 айында қор тарапынан жалпы көлемі 63 млрд теңге көлемінде көмек алған.

Өз кәсібін өрге дөңгелеткісі келетіндер үшін қаржылық тапшылық басты кедергі. «Даму» қоры жеңілдікпен несиелеу, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, кредиттерге кепілдік беру секілді үш бағытта қол­дау көрсетеді. Қор тарапынан қолдау тапқан­дардың бірі – кәсіпкер Мейірбек Есімбеков.

2016 жылы қордың көмегімен өндіріс орнын ашқан ол қаншама азаматты жұмыспен қамтып отыр.

«Бизнесті қолдау ел экономика­сын дамы­ту­дың төте жолы. Мұны Прези­дентіміз де әр Жолдауында айтып келеді. «Даму» қоры дәл керек уақытында бізге қажетті қаражатты бөлді. Бұл кәсібі­мізді дамытуға үлкен көмек болды. Сонымен қатар біздің ең керекті құрал-жабдықтарымызды түгендеп беріп жатыр. Алғашқы уақытта 200 млн, биыл лазерлік қондырғы үшін 30 млн теңге алдық», деді М.Есімбеков.

Қаржылай көмек алып қарқынды жұмыс істеп жатқандардың қатарында даңқты зілтемірші Майя Манеза да бар.  


Инемен емдеу, хижама, массаж орталығын ашқан спортшының қол астында 5 жылдан бері 10 азамат жұмыс істейді.



«Даму» қоры жыл сайын өңірлерде мемлекет тарапынан қолдау алып ісін ілгерілетіп жатқан кәсіпорындардың жұмысымен танысып отырады. Ел экономикасының күретамыры саналатын Алматыда қор көмегіне жүгінетіндер көп. Бүгінде мемлекет қолдауына ие болып, оның ішінде несиенің бір бөлігін субсидия арқылы, екіншіден ішінара кепілдендіру арқылы, үшіншіден жеңілдетілген несие арқылы 1700-ге жуық кәсіпорын жалпы сомасы 80 млрд теңгеге дейін қолдау алып өз жұмысын жандандыруда. Олардың ішінде отандық өнімдердің өрісін кеңейтіп жүргендер аз емес», дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Жандос Бақытбекұлы.

Жұмыссыздық – еліміздегі өткір проблеманың бірі. Бұл әсіресе күн санап халық саны еселеп өсіп жатқан алып мегаполис үшін басты мәселеге айналған.

Еңбек нарығындағы жағдай тұрақталып келеді десек те, қаладағы жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрап отыр. Шаһар билігі жыл басынан бері 17,1 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Осы ретте бизнесті қолдауға бағытталған жобалар да жұмыссыздық мәселесін азайтуға оң ықпалын тигізіп отыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар