Алматыда полицейлер шетелдік азаматтардан ақша бопсалаған күдіктілерді ұстады деп хабарлайды Dalanews.kz
Polisia.kz мәліметі бойынша, Алматы қаласының полицейлері құқық қорғау органдарының қызметкеріміз деп жалған танысып, Қытай Халық Республикасының азаматтарынан ақша бопсалаған бір топ адамның қылмыстық әрекетін әшкереледі. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер шетелдіктерден шамамен 5,5 миллион теңге көлемінде қаражат алған.
Тергеу барысында анықталғандай, топ мүшелері бірігіп әрекет етіп, алдымен көшеде жүрген шетелдік азаматтардың біріне жақындап, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Одан кейін олардың уақытша тұрып жатқан мекенжайына бірге барған күдіктілер ақша талап еткен. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
