Алматыдағы балалар үйіне қатысты дау: Бағанашылдағы жер телімі кімге тиесілі?

Көркем Алдабергенова 17 нау. 2025 10:25 195

Бағанашылдағы №1 облыстық балалар үйі орналасқан жер телімі кімге тиесілі екені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
 
Алматы облысының білім басқармасының мәліметінше, 2006 жылдың 28 ақпанындағы мемлекеттік актіге сәйкес, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Бағанашыл ықшамауданы, Сырғабеков көшесі, 22-үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 20-313-042-109 жер учаскесі «Алматы облыстық №1 балалар үйі» мемлекеттік мекемесіне тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген.
 
«Аталған жер телімінің нысаналы мақсаты – балалар үйін орналастыру және оны күтіп-ұстау. Жер актісінің берілу негізі – Алматы облысы, Қарасай ауданы әкімінің 2000 жылғы 27 сәуірдегі №4-190 қаулысы. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 34-бабының 1-тармағына сәйкес, тұрақты жер пайдалану құқығы мемлекеттік жер пайдаланушыларға беріледі», – деп хабарлады басқарма.
 
№1 облыстық балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері басқа жерге көшірілгеннен кейін ғимараттың болашағы қандай болатыны туралы сұраққа білім басқармасы «көшіру жоспарда жоқ» деп жауап берді.
 
«Мекеме өз орнында қалады, ал Қонаев қаласында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы (КТБО) жұмыс істейтін болады, яғни онда тек уақытша орналастырылған балалар болады», – деп түсіндірді Алматы облысының білім басқармасы.
 
Басқарманың мәліметінше, балалар үйінің жалпы аумағы 2,5 гектар.
 
Еске сала кетсек, бұған дейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеменің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқанына шағымданған болатын. Қоғам белсенділері Алматының элиталы ауданы – Бағанашылдағы құнды жер телімі белгісіз құрылыс компанияларының көзіне түсіп, олар бұл аумаққа тұрғын үй кешенін салғысы келетінін мәлімдеген еді.
 
Кейінірек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан тыс жерге көшірілмейтінін айтты. Әкімдік өкілдері «қазіргі уақытта қалада оқып жатқан тәрбиеленушілер оқуын бұрынғыдай жалғастыра береді, ал жаңадан қабылданған балалар Қонаев қаласына орналастырылады» деп мәлімдеді. Аймақ басшысы сол кезде «Балалар Алматыда қалғысы келетінін білдірді, өйткені орта ауыстыру олардың бейімделуі мен әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда маңызды рөл атқарды» деп түсіндірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар