Алматыда түнгі рейд: жүзден астам бала қараусыз жүрген жерінен анықталды

Ақтоты Жапатова 29 шіл. 2025 09:00

27–29 шілде аралығында Алматы қаласында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, рейдтің басты мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің бақылауынсыз жүрген балаларды анықтау және «Бала құқықтары туралы» заң талаптарының сақталуын қадағалау.

Арнайы құрылған мобильді топтар құрамына ювеналды полиция инспекторлары мен учаскелік полицейлер кірген. Іс-шараның алғашқы күнінде-ақ бірнеше заңбұзушылық фактілері тіркелген:

  • сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүрген 137 бала анықталды. Олардың ата-аналарына ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік шара қолданылды;

  • 163 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді;

  • 10 бала профилактикалық есепке алынды;

  • 9 жағдайда жасөспірімдердің алкоголь тұтынғаны анықталды;

  • 6 ойын-сауық орны түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды кіргізгені үшін заңды бұзған.

«Ата-аналарға әкімшілік шара қолданылып, балалармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ түнгі уақытта жасөспірімдерді қабылдаған ойын-сауық орындары да тіркеуге алынып, тиісті шаралар қабылдануда», — деді Айтан Елеусізов.

Рейдпен қатар оқу орындарында, жастар ұйымдарында және әлеуметтік желілерде де ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Онда ата-аналар мен балаларға заң талаптары мен жауапкершілік шаралары туралы ескертілуде.

Айтан Елеусізовтің айтуынша, «Түнгі қаладағы балалар» — бір реттік акция емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отбасындағы қолайсыз жағдайлардың, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс.

Полицейлер мұндай рейдтерді жаз бойы жалғастыруды жоспарлап отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, алғашқы күндердің өзінде-ақ нәтижелер байқалған — қаладағы ахуал бақылауға алынып, әлеуметтік тұрғыдан тәуекел тобындағы отбасылармен жұмыс күшейтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар