Алматыда түн ішінде жантүршігерлік қарақшылық қылмыс жасалған. ІІМ пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сағат түнгі екі шамасында белгісіз екі адам ерлі-зайыптының үйіне заңсыз кіріп, күш қолданып, ақша мен бағалы заттарды талап еткен. Олар аздаған қаржы мен алтын әшекейлерді иемденіп, үй иесіне ауыр дене жарақаттарын салған. Жарақат алған азамат дереу ауруханаға жеткізілген, қазір жағдайы ауыр.
Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдіктілерді ұстаған. Тергеу барысында олардың бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
"Күдіктілер қамауға алынды. Кінәлілер заң аясында жазасын алады. Күш қолдану арқылы жасалған қарақшылық үшін өте қатаң жаза көзделгенін ескертемін", - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.