Жақында Алматыдағы "Меркур Тауэрс" тұрғын үйінің күзетшісін асқан жауыздықпен өлтірген қылмыскерге қатысты тергеу тоқтатылғаны белгілі болған еді. Алайда марқұмның жақындары бұған наразылық білдіріп, сот сараптамасымен келіспей отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, экс-депутаттың ұлы психикалық ауытқуына байланысты арнайы медициналық ұйымға жатқызылған.
"Осы жылдың наурыз айынан бастап күдіктіге қатысты кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істің тергеп-тексеріліп жатқанын түсіндіреміз. Сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысының негізінде, ҚР ҚПК-нің 511-бабы 2-бөлігі 2) тармағына сәйкес күдікті психитриялық көмек көрсететін, арнайы медициналық ұйымға жатқызылды. Осыған байланысты ҚР ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігі 4) тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі үзілді", - делінген ақпаратта.
Күдіктіге шизофрения диагнозы тағайындалған.
Ал марқұмның жақындары сот сараптамасына қарсылық танытып отыр.
Марқұмның анасы күдіктінің ата-анасы баласының жаназасын өткізгеннен кейін мәселені өзара шешпек болып үйлеріне келгенін айтады.
“Нұрболды жерлеп жатқан кезде, адвокатпыз деп екі жігіт келді. Нұрболды жерлеп біткеннен кейін кеш бата бес адам келді. Олардың арасында бір әйел, төрт еркек болды. Кіші баламды алып кетіп сөйлеспек болғанда рұқсат бермедім. Келгендер өлтірген баланың әке-шешесі екен. Туысқандар болып барлығымыз сөйлестік”, - дейді ол Еуразия арнасындағы “Көреміз” бағдарламасына берген сұқбатында.
Айтуынша, қылмыскердің анасы оған ақша ұсынған.
“Анасы менімен сөйлесіп, тоғыз жыл бұрын қызы қайтыс болғаннан кейін баласының ауырып қалғанын айтты. Оның екі қызы мен әйелі бар екенін жеткізді. Ауырады, дерті бар демеді, қызым қайтыс болған соң, балам біртүрлі болып қалды деп айтты. Сізге ақша салайық, балаңыздың қырқын өткізіп берейік деді. Мен келіспедім”, – дейді марқұмның анасы.
Еске салайық, жантүршігерлік оқиғаның болғанына бес ай уақыт өтті. Марқұмның артында екі ұл, бір қызы қалды. Ол отбасын асырау үшін күзетші болып қызмет екен. Мұнда небәрі 150 мың теңге айлық алған.
Ал жазадан жалтарып отырған күдікті Асқар Тастандиев – экс-депутаттың ұлы. Оның әкесі Саламғазы Тастандиев 1994-1995 жылдары Жоғары Кеңестің депутаты болған. Сондай-ақ бір кездері Талдықорған облысында прокурор болып жұмыс істеген.