Алматыда отандық технологиялар негізінде өндіріс қалдықтарынан құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Dala News.
Жоба Satbayev University ғалымдарының қатысуымен және бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың бірлесуі арқылы жүзеге асырылған. Ғылыми топ зерттеу жұмыстарын толық цикл бойынша жүргізген – рецептура әзірлеуден бастап, шикізатты іріктеу, технологиялық процестерді баптау және өндірісті іске қосуға дейін.
Жобаның басты ерекшелігі – жергілікті минералды шикізат пен қайта өңделген өндірістік қалдықтарды пайдалану. Бұл тәсіл экологиялық жүктемені азайтып қана қоймай, өндірістің экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Satbayev University профессоры Руслан Нұрлыбаевтың айтуынша, ғалымдар тек жаңа материалдар технологиясын жасап қана қоймай, оны өнеркәсіптік деңгейге дейін жеткізген.
Зауытта өндірілетін құрылыс қоспалары жоғары беріктікке ие, ұлттық стандарттарға сәйкес келеді және сертификаттаудан өткен. Қазіргі таңда бұл өнімдер отандық құрылыс компаниялары тарапынан қолданылып жатыр.
Жоба аясында іске қосылған DIATOMITE зауыты Satbayev University базасында құрылып жатқан TECHNOPARK STROYTECH инновациялық кешенінің бір бөлігі болып табылады. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес университеттер негізінде технологиялық парктер құру және ғылымды өндіріс саласына енгізу мақсатында жүзеге асырылуда.
Ауқымды жобаға сондай-ақ Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Металлургия және байыту институты және индустриялық серіктес «SAVENERGY» компаниясы қатысуда.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жобаның басты ерекшелігі – ғылым мен бизнестің тиімді байланысында екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тәжірибені ел көлемінде кеңінен енгізу жоспарланып отыр.
Зауыт базасында оқу-зертханалық кешен де жұмыс істейді. Мұнда магистранттар мен докторанттар ғылыми зерттеулерге қатысып, жаңа құрылыс материалдарын сынақтан өткізеді.
Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту, өндіріс көлемін арттыру және осы технологияларды Қазақстанның басқа өңірлерінде де енгізу жоспарланып отыр.
