Алматыда «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты жыл сайынғы республикалық науқаны аясындағы алғашқы акция өтті. Бұл басқосу студенттерді, түрлі сала мамандарын және құқық қорғау органдарының өкілдерінің басын қосып, зорлық-зомбылықтан қорғану, өзіңді және жақындарыңды қауіптен сақтау тақырыбын талқылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Акцияны Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ, Алматы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, сондай-ақ қалалық полиция департаменті ұйымдастырды.
Іс-шара Нархоз университетінде өтіп, 100-ге жуық адам қатысты. Ашық диалог барысында студенттер сұрақ қойып, пікір алмасты. Ал мамандар дағдарыс жағдайында дұрыс шешім қабылдау жолдарын, сондай-ақ қандай жағдайда қай жерден көмек сұрауға болатынын түсіндірді.
Акция аясында Полиция департаментінің қызметкерлерімен өткен талқылауларда жастарға зорлық-зомбылық қатері төнген кезде қолданылатын нақты қорғану тәсілдері мен әрекет ету тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлер кеңес беріп, жастарға сауатты қарым-қатынас орнату, алғашқы қауіп белгілерін байқау және қауіпті жағдайды жасырмай баяндау жөнінде ұсыныстар айтты. Қатысушыларға тәулік бойы қолдау көрсететін қызметтер туралы да ақпарат айтылды.
Жастар кездесуге белсенді қатысып, мұндай іс-шаралардың жеке қауіпсіздікке қатысты мәселені жақсырақ түсінуге септігін тигізетінін атады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғары оқу орындарындағы осындай акциялар жастардың құқықтық сауатын арттырып, өзара құрметке негізделген қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» республикалық науқаны 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Алматыда кездесу, тренинг, диалог, акция мен көрме сынды 20-дан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларда әйелдер мен балаларды қорғау мәселесіне, сондай-ақ жастар арасында зорлықсыз мінез-құлық мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінбек.
