Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі «Электр желілерін дамыту жоспары» әзірленді. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Серікбай хабарлады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, энергия сапасын жақсартуға және қаланың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Электр желілерін дамыту жоспары энергетикалық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және салу бағдарламасын қамтиды, ол 2030 жылға дейінгі кезеңді, ал болашақта 2040 жылға дейінгі даму перспективасын көздейді.
Құжатты әзірлеу барысында қаланың энергия жүйесінің даму болжамы жасалды, бұл алдағы онжылдықта қажетті ресурстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Алматының энергетика саласын талдау шұғыл шешімді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер мен ерекшеліктерді анықтады. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай мегаполистің тұтыну қуаты 468 МВт-қа (48%-ға) өсіп, 1450 МВт-ты құрайды деп күтілуде.
Аталған деректерді ескере отырып, жоспарда негізгі міндеттер қарастырылған: жаңа қосалқы станцияларды салу, электр желілерін қайта құру және жаңғырту, әуе желілерін кабельдік желілерге ауыстыру, жаңа тарату пункттерін орнату және электр беру желілерін ауыстыру, сондай-ақ жаңа тұтынушыларды қосу шектеулерін жою.
Осы іс-шараларды іске асыру электрмен жабдықтаудың сенімділігін айтарлықтай арттырып, тұтынушылар үшін электр энергиясының сапасын жақсартады және жаңа нысандарды қосу мүмкіндіктерін жасайды.
Алматы қаласының энергетикалық инфрақұрылымы қаланың қарқынды дамуы мен тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Шаһардың электр желілерін дамыту жоспары қаланың энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртып, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыра түсетіні анық.
Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы 10-6-0,4 кВ кернеулі 2 478,76 км кабельдік желінің пайдалану мерзімі 30 жылдан асып, бұл жалпы көлемнің 56%-ын құрайды. Оның ішінде 948 шақырым желінің қызмет ету мерзімі 50 жылдан асқан. Желілердің тозуы апаттардың көбеюіне және электрмен жабдықтаудағы үзілістерге әкеледі. Сондықтан, тозған желілерді ауыстыру және жаңаларын салу арқылы электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру көзделген.
2024 жылдың қыркүйегінде қуаты 80 МВт болатын «Тұзды бастау» қосалқы станциясының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл станция 200 мың тұтынушыны электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту және кеңейту арқылы қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету көзделген.
Жаңа жоспар 2025 жылға қарай электр желілерінің тозу деңгейін 64%-ға дейін төмендетеді. Сонымен қатар Алматының «Электр желілерін дамыту жоспары» алдағы уақытта апаттық жағдайлардың санын азайтып, тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал қосалқы станциялар мен желілердің іске қосылуы жаңа және қолданыстағы тұтынушылар үшін қуат тапшылығын жабуға ықпал ететіні сөзсіз. Бұл шаралар Алматы қаласының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.