Алматыда алқабилердің қатысуымен өткен сотта блогерлер Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов “бопсалау” бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
Үкім жарияланғаннан кейін сотталушы Дамир Көшеев алқабилерге қарата наразылығын білдірді. Айтуынша, тергеу олардың кінәсін дәлелдей алмаған.
“Ұят болды. Бар үмітіміз сіздерде еді. Жазықсыз адамдарды ақтайды деп сендік. Тергеу ештеңе дәлелдеген жоқ, соған қарамастан бізді соттап жатыр. Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бірақ бізге жаза тағайындалды”, - деді ол.
Сот үкімі 19 ақпанда белгілі болды.
Кушеевтің жақтастары бұл қылмыстық іс қоғамда үлкен күмән туғызғанын айтады. Олардың пікірінше, заңбұзушылық пен жемқорлық мәселелерін ашық көтеріп жүрген қоғамдық белсендіге қысым жасалуы мүмкін.
