Алматыда нөсер жаңбыр Аманжол көшесін тағы да шайып кетті. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі мән-жайды айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мән-жайы
23 қыркүйекте Алматыда жауған қатты жаңбырдан кейін Аманжол көшесінің бір бөлігі қайта бүлінді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жауыннан кейін бұл көше тұтас арыққа айналады. Бір апта бұрын дәл осы жерде бірден 13 көлік шұңқырға түсіп кеткен еді.
Тұрғын түсірген видеода адамдардың тастан тасқа секіріп, көшеден өтіп жатқаны көрінеді. Оның айтуынша, бұл мәселе осы жерде 20 жылдан бері шешілмей келеді.
"Әр нөсерден кейін оны көміп, жөндейді, бірақ жауын бәрін тағы шайып кетеді. Мен бұл жерде 20 жылдан бері тұрамын, мәселе сол күйі шешілмеді", – дейді тұрғындардың бірі.
Әкімдік жауабы
Әуезов ауданы әкімдігі мәліметінше, Аманжол көшесінде инженерлік желілерді жүргізу бойынша жер қазу жұмыстары салдарынан арық жүйесінде бөгет пайда болып, жауын суы жиналған.
"Жауын-шашын басталғанға дейін су басу және топырақтың шайылу қаупі бар учаскелер жабылған болатын. Қазір бұл аумақта жауын суын арық жүйесіне бұру үшін 5 техника мен 15 жұмысшы жұмылдырылды. Жол төсемінің астындағы өткелдерді тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, жағдай толық бақылауда", - деді әкімдік өкілдері.
Сонымен қатар, әкімдік өкілдері Аманжол көшесінде қазір QAZAQGAZ AIMAQ АҚ тарапынан газ құбырын салу жұмыстары жүріп жатқанын, бұл жұмыстар аяқталған соң жол төсеміне абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.