Турнирге 16 команда қатысты. Атап айтқанда олардың ішінде Алматы университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Cүлеймен Демирел университеті, «Қаламгер-Медиа» ұжымы, «Айқын» газетінің командасы, «Таң» ТРК командасы, «Алматы» телеканалының ұжымы, «PROСПОРТ» газетінің командасы болды.
Турнирдің ашылу салтанатында Алматы университетінің ректоры Бауыржан Құлжабаев сөз алып: «Отан үшін, нұрлы болашақ үшін» атты мини-футбол турнирін ұйымдастырудағы басты мақсат – өткенімізді ұмытпау. Биыл Жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отырмыз. Сұм соғыста миллиондаған қазақтың қаны төгілді. Қаншама отбасы ерінен, ұлынан айырылып зар жылады. Жеңіске жету жолында біздің аталарымыз барын салды. Сондықтан да біз оларды ешқашан ұмытпауымыз керек. Өткен тарихын қадір тұтқан елдің әрқашан да тұғыры мықты болмақ, – деді және барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар турнирдің бас төреші Несіп Жүнісбаев, «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалин, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Жанарбек Әшімжан құттықтау сөз сөйлеп, өтіп жатқан турнирдің ерекше маңызға ие екендігіне тоқталды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Алматы университетінің 100 студентінің қатысуымен флешмоб өткізілді. Флешмоб «Біз өткенімізді ұмытпаймыз, болашақ үшін дауыс береміз!» деген ұранмен өткізіліп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне «70» саны жасыл киімді студенттер арқылы жазылды.
Турнир соңында «Үздік төреші» номинациясы бойынша Жанарбек Әшімжан, «Ең жас ойыншы» номинациясы бойынша 14 жастағы Әлібек Айтақын, «Үздік қақпашы» номинациясын «Қазақ газеттері» ЖШС командасының қақпашысы Шерхан Абше жеңіп алды. «Үздік шабуылшы» номинациясы бойынша «Айқын» газетінің ойыншысы Азамат Байдүйсен марапатталды.
Турнир қорытындысында 1-орынды Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетінің оқытушылар командасы, 2-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы, 3-орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының командасы иеленді.
Турнирдің жабылу салтанатында сөз алған Несіп Жүнісбаев Алматы университетінің ұжымына барлық командалар мен өз атынан алғыс білдіріп, осы турнирдің тамаша дәстүрге айналуына тілектестігін білдірді.
Алмас НАЙМАНБАЙ
Алматы университетінің ғалым хатшысы
[caption id="attachment_10257" align="alignright" width="640"] Жарыс Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай ұйымдастырылды.[/caption]
[caption id="attachment_10256" align="alignright" width="640"] Алматы университетінің студенттері ұйымдастырған флешмоб.[/caption]
[caption id="attachment_10255" align="alignright" width="960"] Жарысқа ауыз толтырып айтуға тұрарлық жүлделер тігілді.[/caption]
[caption id="attachment_10254" align="alignright" width="666"] Алматы университетінің ректоры Бауыржан Құлжабаев жеңімпаздарды марапаттап жатыр. [/caption]
[caption id="attachment_10253" align="alignright" width="640"] Жарысқа қатысқан белгілі журналистер жүлдесіз қайтқан жоқ. [/caption]
[caption id="attachment_10252" align="alignright" width="875"] Алматы университеті ұйымдастырған футбол турнирінің қатысушылары жарысқа оң баға берді.[/caption]