Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен, жастармен және түрлі әлеуметтік топтармен кешенді профилактикалық жұмыс жүргізу – қаладағы діни тұрақтылықты сақтаудың негізгі тетігі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесулер қаншалықты жиі өтеді?
Дін істері басқармасы ақпараттық кездесулерді жыл басында қала әкімі бекітетін арнайы жоспарға сәйкес ұйымдастырады. Әр аудан үшін айлық және тоқсандық кестелер әзірленеді.
Кездесулер мына мақсатты топтармен тұрақты түрде өткізіледі:
-
тұрғындар;
-
еңбек ұжымдары;
-
мектептер мен колледждер;
-
жоғары оқу орындары;
-
этномәдени бірлестіктер;
-
мешіт жамағаты;
-
жастар ұйымдары.
Дін мамандары діни мерекелер, маңызды оқиғалар және ақпараттық себептер туындаған кезеңдерде түсіндіру жұмыстарын күшейтеді.
Қандай тақырыптар талқыланады?
Жиындарда дін саласындағы мемлекеттік саясат, радикалды ағымдардың алдын алу және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері кеңінен түсіндіріледі. Негізгі бағыттар:
-
Қазақстандағы зайырлы мемлекет қағидаты және дін бостандығының құқықтық негіздері;
-
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талаптары;
-
деструктивті діни ағымдардың белгілері;
-
интернеттегі радикалды контенттен қорғану әдістері;
-
балалар мен жасөспірімдерді ақпараттық қауіпсіздікке үйрету;
-
отбасы құндылықтары, толеранттылық және қоғамдық келісім;
-
ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтардың рөлі.
Кездесулерге теологтар, дінтанушылар, психологтар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысады.
Басқарма мамандарының айтуынша, осындай кең көлемді ақпараттық жұмыс Алматыдағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосады.
Экстремистік контентті байқасаңыз қайда хабарлау керек?
Қала тұрғындары интернетте радикалды немесе экстремистік сипаттағы материалды байқаса, дереу төмендегі нөмірлерге хабар бере алады:
-
Алматы қаласы Полиция департаменті (дежурная часть): 8 (727) 254-40-42
-
Сенім телефоны: 8 (727) 254-40-84
Хабарламалар құпия түрде қабылданып, құқық қорғау органдары тарапынан жедел қаралады.
Ата-аналарға кеңес
Басқарма ата-аналарды балаларымен сенімді қарым-қатынас орнатуға шақырады. Негізгі ұсыныстар:
-
Баланың қандай сайттар мен блогтарды қарайтынын қадағалау;
-
Интернеттегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру;
-
Діни сұрақтарды тыйым салмай, ашық талқылау;
-
Баланы спортқа, шығармашылық үйірмелерге бағыттау және бос уақытын тиімді пайдалану;
-
Мектеп психологымен байланыста болу;
-
Күмәнді чаттар мен топтарды байқаса, теолог немесе психологқа жүгіну.
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған жағдайда радикалды идеяларға тез бейім болуы мүмкін. Сондықтан профилактика отбасынан басталуы тиіс.
