Алматы. Реанимацияда жатқандардың 98%-ы екепе алмағандар құраған

Dalanews 28 шіл. 2021 13:28 871

Бүгінде Алматының инфекциялық стационарларында 3943 адам ем алуда. олардың 98%-ы вакциналанбаған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлзат Байзахова алматылықтарға вакцинаны кейінге қалдырмауға шақырды. Өйткені, статистика көрсеткіші төмен әрі қаладағы жағдай ушыға түсуде, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дәрігердің айтуынша, ковидті госпитальдің реанимациясында 267 алматылық бар, ӨЖЖ-де – 28 адам, инвазивті емес ӨЖЖ-ге 110 адам қосулы болса, тағы 103 науқас High flow аппаратының көмегімен ем алуда.

Гүлзат Байзахова 27 шілдедегі жағдай бойынша Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 250 науқастың тіркелгенін айтты.

– Қауіпті індетті  жұқтырғандардың көптігінен науқастарды орналастыру үшін төсек-орын санын көбейтудеміз. Қазірдің өзінде қаланың 3 943 тұрғыны инфекциялық стационарларда жатыр. Соның ішінде 215 бала бар. Сонымен қатар 7 702 науқас  мобильді бригада мен телемедицина орталығының күнделікті бақылауында. Себебі, көбісі екпе алмаған және бетперде режимін сақтамаған, – деді бөлім меңгерушісі.

Гүлзат Байзахованың айтуынша, вакцина адамның індет жұқтырмауына 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Сіз ауру жұқтыруыңыз мүмкін, бірақ ол жеңіл түрде өтеді.

– Шынында бізде вакцинаға қарсы адамдар бар. Бірақ бұл тек 1-2%-ы ғана. Қалғандары вакциналанбаған науқастар. Вакцинадан өтпеген тұрғындар қауіпті, олардың иммунитеті вирустың мутациясына көбірек бейім, – дейді бөлім меңгерушісі.

Егер бұрын инфекциялардың ең көп саны 60 жастан асқан адамдар арасында болса, соңғы аптада дәрігерлер науқастардың ішінде жастар мен балалардың көбейгенін айтты. Бұл жаңа «үнді» штамының пайда болуымен байланысты. Ол өте  жұқпалы және инкубациялық кезеңі де қысқа.

Гүлзат Байзахова жасына және созылмалы аурулардың болуына қарамастан екпе алу өте маңызды деп санайды. Оның айтуынша, вакцинаға күмәнмен қарайтын адамдар жанама әсерден қорықпауы керек.

– Вакцинадан кейін адамдарда белгілі бір реакция пайда болады. Бұл қалыпты температураның болуы. Сондай-ақ, инъекция орны ауырған кезде жергілікті реакция бар. Адамның вакцинаға реакциясы бар жоғы иммунитетке байланысты емес. Бұл антидене титріне тәуелді емес. Вакцинаны алғаннан кейін инъекция алаңын үш күн бойы суламау, монша мен саунаға барудан бас тарту, алкоголь ішпеу жеткілікті. Сондай-ақ, осы кезеңде физикалық жүктемелерден аулақ болу керек, – деді Гүлзат Байзахова.

Емхана дәрігері Қазақстанда бар вакциналардың түбегейлі айырмашылықтары жоқ екенін айтты. Олардың барлығы иммунитетті қалыптастырады.

– Вакцинаның екі компонентін алғаннан кейін адам бірден  вакцина паспортын алады. Себебі деректер электрондық үкімет порталымен байланысты. E-Gov mobile қосымшасындағы «цифрлық құжаттар» бөлімінде қажетті құжатты көруге немесе емханадан анықтама алуға болады", – деп түсіндірді Гүлзат Байзахова.

№5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Алматы тұрғындарын екпе пункттеріне келіп, вакцина алуға шақырды. Оның айтуынша, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарау керек. Вакциналар денені коронавирустың тез өзгеретін штамдарынан қорғайтын жалғыз құралы.

Айта кетсек, Алматыда 1 ақпан мен 27 шілде аралығында 690 711 адам вакцина алды. Өткен тәулікте 5 001 қала тұрғыны екпе алды. 60 жастан жоғары вакцина алған адам саны 96 553 адамды құрайды.

Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен қаланың СОСО-да 212 вакцина пункттері  (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігімен) жұмыс істейді. 1 260 адам жұмылдырылған 308 екпе бригадасы  жұмыс жасауда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар