2025 жылдың басында «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) құны 60 миллион теңге тұратын қымбат көлікті сатып алып, оны Алматы облысының әкіміне «сыйға» тартқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы "Аналитик KZ" телеграм арнасында жазылды.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үшін» алынған көліктер бір күнде әкімдікке өтіп кеткен. Құжаттарда ӘКК екі бірдей люкс санатындағы көлік алғаны көрсетілген:
Land Cruiser 300 – 60 миллион теңге;
Kia K9 – 35 миллион теңге.
Жалпы сома — 95 миллион теңге.
Бұл көліктер корпорацияның қажеттілігіне деп алынғанымен, келесі күні-ақ Алматы облысы әкімдігіне табысталған.
Белгілі журналист, «Обожаю» бағдарламасының авторы Асхат Ниязов өзінің соңғы шығарылымдарының бірінде әкім Марат Сұлтанғазиевтің жаңа көлігін көрсеткен.
Land Cruiser 300 Алматы облысының жолдарында мемлекеттік 075 | RR | 05 нөмірімен жүргені байқалған.
Ал екінші көлік — Kia K9-ды кім мініп жүр, белгісіз. 39 миллион теңгелік бұл көліктің нақты кімге тиесілі екені ашық айтылмай отыр.
«Қонаев» ӘКК немен айналысады?
Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, «Қонаев» ӘКК — Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесетін, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдайтын өңірлік даму институты. Ол мемлекет пен жеке сектор серіктестігі негізінде жұмыс істеуі тиіс.
Мемлекет қаржысына алынған көліктердің әкімдікке "сыйға" өтуі — мемлекеттік мүлікті мақсатсыз пайдалану ма, әлде басқа тетіктер іске қосылған ба — бұл сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз.