Алматы облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан шетелдік студенттер көз жұмды. Бұл туралы Қазақстандағы Үндістан елшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға 6 қаңтарда болған. Көлікте Үндістанның бес азаматы отырған. Төртеуі Оңтүстік Қазақстан медицина университетінің студенттері, ал бірі - турист. Олар Шымкенттен Алматыға жолға шыққан.
"Өкінішке қарай, екеуі оқиға орнында қаза тапты. Тағы үш адам ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр. Елшілік марқұмдардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады және зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тілейді", - делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі апат фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Жол апаты Алматы – Бішкек автожолының 86-шы шақырымында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 33 жастағы Toyota Alphard жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Үндістанның екі азаматы ауруханада көз жұмған.
