Алматы облысында жағажайлардың дайындығы тексерілді

Самал Асқар 08 сәу. 2026 18:36

Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығы тексерілді, деп хабарлайды Dala News.

Жұмыс сапарына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқаны айтылды.

Тексеру барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» кешені қаралған. Әкімдік өкілдері санитариялық дайындық, қауіпсіздік шаралары, медициналық және құтқару қызметтерінің жұмысы, сондай-ақ демалушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндағаны хабарланды.

Аида Балаеваның айтуынша, нысандардың толық дайындығын алдын ала қамтамасыз ету, судағы қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті сақтау басты назарда болуы тиіс.

Сонымен қатар жағажайлар мен демалыс аймақтарының бір бөлігі жекеменшік нысандар екені атап өтілді. Осыған байланысты вице-премьер олардың иелеріне тазалықты сақтау, инфрақұрылымның жай-күйін бақылау және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты.

Облыс әкімдігіне демалыс аймақтары иелеріне қауіпсіздік, санитариялық талаптар және қызмет көрсету сапасына қатысты ұсынымдар әзірлеу тапсырылды.

Сондай-ақ туризм және спорт министрлігіне жекеменшік нысандардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған құқықтық тетіктерді пысықтау тапсырылғаны хабарланды.

Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындары мен сервистік нысандардың қызметінің заңдылығын бақылау, еңбек заңнамасының сақталуы, қызметкерлермен еңбек шарттарының болуы және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы тексерілетіні айтылды.

Сонымен қатар көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі және жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері көтерілген.

Аида Балаева «Таза Қазақстан» қағидаты туристік нысандардың нақты жағдайынан көрінуі тиіс екенін атап өтті.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша санитариялық жағдайды күшейту, қауіпсіздік деңгейін арттыру, түсіндіру жұмыстарын жандандыру және демалыс орындарына жүйелі бақылау орнату тапсырылғаны хабарланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove