Алматы облысы шикізаттық емес инвестиция тартуда көш бастап тұр

Dalanews 04 қаз. 2019 05:29 749

Талдықорған қаласында Jetisy Invest-2019 халықаралық бизнес форумы өтуде. 

Өңірдің инвестициялық потенциалы және оны әрі қарай да өркендету жолдары сөз болатын шараға қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлер қатысуда. 

2014 жылдан бері ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жөнінен Алматы облысы алда келеді. 2014-2016 жылдардың аралығында облыстағы ішкі инвестиция 27 пайызға өскен (2016 жылы 477 млрд теңге). 



Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы шикізаттық емес шетелдік инвестициялар тарту жағынан көш бастаған. Өткен жылы өңірге шамамен 77 млрд теңге инвестиция тартылған. Шикізаттық емес инвестиция көлемі облыста осымен үшінші жыл қатарынан 20 пайызға өсіп отыр.

Форумның алдында облыс әкімі Амандық Баталов 3 трлн 240 млрд теңгені құрайтын 13 меморандумға қол қойды.


Олардың арасында Іле ауданында салынатын "Қаскелең Солар Пауэр" электростанциясы, Сарқанд ауданында бой көтеретін "ВЭС Абай" жел электростанциясының құрылысы бар. Бұдан бөлек Жамбыл ауданында бір ауысымда 250 адамға арналған аудандық емхана алдағы жылдары пайдалануға беріледі. 

Шараның шымылдығын түрген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірге инвестор тартудың табысты жолдарын айтып берді. 

"Инвестордың тілін табу үшін іскерлік форматты ұстану қажет" деді өңір басшысы. 



Әкімнің айтуынша соңғы 5 жылда өңірде өнеркәсіптік өндірістің көлемі 66 пайызға артқан. Еліміздегі жаңғыртылатын 74 энергия нысандарының 24-і Алматы облысында. Өткен айда ғана сингапурлық инвестор Universal Energy компаниясы қуаттылығы 100 мВТ күн электростанциясын салып, пайдалануға берді. 

Өңірдегі бизнес ахуалдың түзелуі өз кезегінде туризмге де оң ықпал етіп отыр. Амандық Баталовтың айтып өткеніндей биыл Алакөлге 1,3 млн адам демалуға барған. 

Шара аясында өңірде инвестиция салған өзіміздің отандық инвесторлар, оның ішінде Зейнолла Кәкімжанов, Райымбек Баталов, Болат Әбілов сөз алып, тәжірибелерімен бөлісті. 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар