Дүниежүзінде күн өткен сайын «жасыл экономикаға» көп көңіл бөлініп, жасыл технологиялар күнделікті өміріміз бен тұрмыс-салтымызға енуі жылдан-жылға үдей түсуде. Әсіресе, күн мен жел, биомасса қуаттарын өндіруге ерекше екпін берілуде. Дәл осы тектес жұмыстар Алматы облысында да қарқын алуда. Оған дәлел, бір ғана облыста 8 бірдей жел электр стансасының жұмыс істеуі. Солардың ең соңғысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек дәлізінде бой көтерді. Қазақстанда баламасы жоқ қуаты 60 МВт болатын жаңа жел электр стансасы энергетикалық нысанның құны – 37,4 млрд теңгені құрайды.
Аталған стансада 24 жел энергетикалық қондырғы бар. Олардың әрбір номинал қуаты 2,5 МВт болады. Стансаны салуға әлемдік жел турбиналарын өндіруші жетекші компаниялардың бірі – «GoldWind» компаниясы атсалысқан. Бүгінгі күні жаңа энергетикалық нысанда 14 маман арнайы даярланып, жұмысқа орналасқан. Бұл ЖЭС жылына 225,7 млн кВтс электр энергиясын өндіруге қауқарлы.
Жобаның экологиялық құрылымы аймақта орасан зор маңызға ие. Жалпы, Алматы облысында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін табиғи мүмкіндіктер жетерлік. Оның бір дәлелі, облыс орталығында орналасқан қуаты 3 МВт Қапшағай күн электр стансасы мен қуаты 4,95 МВт «Сарыбұлақ» күн электр стансасының әлі күнге желкенін жықпауы.
Қос бірдей күн электр стансасының жылдық өндірісі 14,1 млн кВт/сағ., бұл атмосфераға шығатын CO2 шығарындының 7,5 мың тоннасын болдырмауға мүмкіндік беріп отыр.
Екі күн электр стансасы күнді бақылау жүйелерімен жабдықталған. Трекер қондырғылары күннің қайда орналасқанын бақылайды және автоматты түрде күн модульдерінің тиімді бағытын қамтамасыз етеді. Осылайша, электр энергиясын өндіру фотоэлектрлік жүйенің статикалық орналасу әдісімен салыстырғанда орта есеппен 20-25%-ға артады.
Біз келтірген екі дерек, бұл Алматы облысына тиесілі ақпараттар легінен. Осыған қарап-ақ, аталмыш бағыттың бағдары айқын, қарқыны қатты екенін аңғаруға болады.
Жалпы алғанда, «жасыл экономика» өмірімізге енгеніне 20 жылдан асты. Осы уақыт аралығында бұл бағыт үлкен тенденцияға айналып, баламалы энергия көзін өндіру ісінде айрықша орын алғаны жасырын емес. Ғалымдардың болжауынша, бір ғана жел энергиясының үлесі алдағы 10 жылдықта 20 пайызды құрамақ. Бұл дегеніміз біз айтқан сарқылмайтын табиғи ресурстарды пайдалану көрсеткіші артып, күн және жел электр стансаларының саны ұлғаяды дегенге саяды.