Халықаралық қарттар күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында тұратын 81 жастағы Жақабай Жұмағұлұлы мен 79 жастағы жұбайы Айтаңсық Тұрғанбаеваны шаңырағына барып құттықтады.
Облыс басшысы бұл күні тек қарттарымыздың қадір-қасиетін арттырып қана қоймай, сонымен қатар олардың өмір жолы мен сіңірген еңбектерін бағалаудың маңыздылығын атап өтті.
«Жас ұрпаққа қарттарымыздың өмірі, олардың бай тәжірибесі, еңбек жолы мен отбасылық құндылықтары үлгі болуы тиіс. Қоғамымызда қарттарға деген құрметті арттыру, олардың тарихын бағалау және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту үлкен маңызға ие», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Жақабай Жұмағұлұлының өмір жолы теміржол саласымен тығыз байланысты. 1960 жылы қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастап, жоғары лауазымдарға дейін көтеріліп, 2006 жылы зейнетке шыққан. Атқарған қызметі үшін «Қазақстан Республикасының құрметті теміржолшысы» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар, тракторшы және дәнекерлеуші курстарын бітіріп, өз білімін үнемі жетілдіріп отырған.
Ал Айтаңсық Тұрғанбаева - ұлағатты ұстаз. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география факультетін сырттай оқып бітірген. Қосқұдық бекетінде география пәнінің мұғалімі, соңғы 12 жылда мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған. 36 жылдық еңбек жолында «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Жақабай ата мен Айтаңсық апайдың отасқандарына 60 жыл толып отыр. Бес бала тәрбиелеп өсірген, 14 немере және 21 шөбересі бар.